Красноярск қаласында өтіп жатқан әйгілі Иван Ярыгин мемориалында қазақстандық Виктория Хусаинова күміс медаль жеңіп алды. 62 келі салмақта белдескен ол күні кешеге дейін Ресей намысын қорғап келген еді. Ал 2022 жылдан кейін біздің елге қоныс аударыпты. Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі команда бас бапкерімен хабарласып, ресейлік балуан қыздың қалай қазақстандық атанғанын сұрап білді.
Виктория Хусаинова туралы дерек іздегенде, оның 2022 жылға дейін Ресей намысын қорғағанын анық байқадық. 2018 жылы Будапештте өткен 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. 2022 жылы 21 жасқа дейінгі балуандар арасында Ресей чемпионы атанады. Содан кейін Хусаинованың спорттық мансабы тоқтап қалғандай әсер берді. Басқа ақпарат жоқтың қасы. Шамасы, сол кезеңдерде Қазақстанға ауысқан шығар.
Хусаинова 2024 жылы Таразда өткен Қазақстан кубогында жеңіске жетіп, финалда тәжірибелі Ирина Казюлинадан басым түсті. Ал ел чемпионаты мен кубогында топ жарған спортшылардың ұлттық құрамаға алынып, шетелдік жарыстарға қатысатыны айдан анық. Осы тұрғыдан қарасақ, Виктория Ярыгин турниріне әділетті түрде қатысып жатыр. Ал ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев легионерлерден бас тартуды бұйырғанда, ресейлік балуанның біздің ел атынан күресе бастағаны қаншалықты әділетті?
Әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сағадиев балуанның құрамаға қалай келгенін түсіндіруге тырысты.
«Хусаинова Ресейде айтарлықтай жеңіске жетпеген спортшы. Оның таланты біздің елге келіп ашылып жатқандай. Ярыгин турнирінде финалға шығады деп өзіміз де ойламадық. Осы жарыста өзін жақсы жағынан көрсеткен соң, алдағы бәсекелерде де оған сенім артамыз. Ал оның Қазақстанға келу тарихы маған аса мәлім емес. Бұл сұрақтарға әдетте федерация жауап береді. Естуімше, Виктория Ресейдің Кемер облысының намысын қорғаған. Кейін біздің Ақмола облысындағы балуанға тұрмысқа шығып, Қазақстан азаматы атанады. Қазақстан азаматы болған соң, ішкі жарыстарға қатысуға құқылы. Біз оны шектей алмаймыз. Кадеттер сапында ғана Ресейде күрескен. Ал ересектер арасында оның әлеуеті біздің елде жақсарып жатыр», — дейді Сағадиев.
Виктория Ақмола облысының балуанына тұрмысқа шын махаббатпен шықты ма, әлде құжат үшін келісті ме, бұл жағын бапкер де, біз де білмейміз.
Хусаинованың Қазақстанға келуіне қатысты толық ақпар алу үшін федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтановқа бірнеше рет хабарласқан едік. Өкінішке қарай, телефон тұтқасын көтермеді.
Олимпиададан соң ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спортқа легионер әкелуді тоқтатуды бұйырған еді. Бірақ шетелден келіп, көк паспортты алатын атлеттер тізімі толастар емес. Шамасы, біздің спорттағы басшыларға президенттің бұйрығы да жүрмейтін сияқты.
Ақырыс Сейітқазы