Еркін күрестен жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Мұхамбет Қуатбектің жеке бапкері Асқар Бақбергенов спорттан неге кеткенін айтып берді. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
– Бапкерлердің ауруы деп айтса болады. Үкілеп күткен үлкен үмітің орындалмай қалғанда бапкерлердің көбісі депрессияға түседі, ішімдікке салынып кетеді. Ондайдан құдай сақтады. Десе де, «қойшы» деп қолды бір сілтеп кетіп қалған кез болды.
Бапкер үшін спорт өзінің отбасына айналады. Тіпті, өзінің жанұяңнан, бала-шағаңнан артық көріп, қатты уайымдайсың. Сөйтіп жүргенде өзіңнің бала-шағаң қараусыз қалып, тәрбиесі ақсап жатады. Оның үстіне, көрсетілген нәтижеге реніш болды, сосын спорттан кетіп қалдық.
Спортшы тек өзіне ғана жауапты, жіберген қатесін де түзей алады. Ал бапкер қаншама шәкірт дайындайды, олардың әрқайсынан «әттеген-ай» деген сәттері көңілге жинала береді. Одан шығу да қиын, – дейді Асқар Бақбергенов.
Оның айтуынша, ол өз-өзін қолға алып, өмірдің өзі бапкерлік жұмыспен бітпейтініне сендірген. Сөйтіп, 20 жыл қызмет кеткен бапкерлік саланы тастап кеткен.
– Спорттан кеткеніме ата-анам да, туыстарым да, әріптестерім де, бәрі таң қалды. Оған сенген де жоқ. Енді қазір көздері жетті. Қазір жеке кәсіпкермін. Кішігірім кофейня ашып, Frutti деген шоколадпен әсемделген жеміс-жидек франшизасын алып, жүргізіп отырмыз, – деді ол.