
Катар астанасы Дохада өткен спорттық гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде 19 жастағы қазақ баласы Алтынхан Темірбек күміс жүлдегер атанды. Ол еркін жаттығудан финалға шығып, үздіктер қатарына сына қаққан.
Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі ұлттық құраманың бас бапкері Александр Кимнің пікірін білген болатын.
«Алтынхан өзіміздің Шымкенттің баласы. Ол жақсы секіреді, еркін жаттығудан көзге түсіп жүр. Еркін жаттығуда қиындық жағынан Милад Каримиге ғана жол береді. Қол тіреп секіруден жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Ол 19 жастағы атлет. Катарда өз мансабында тұңғыш рет ересектер арасындағы әлем кубогы кезеңіне қатысып, күміс медаль алды.
Осылайша, әлемдік жарыста алғаш рет бақ сынап, бірден Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды.
Бізде қазір жастар жақсы өсіп келеді. Бұған Милад Каримидің еңбегі көп сіңді. Миладқа қарап, бой түзеп келе жатқан жас буын көп», — деді бас бапкер.
Дохадағы (Катар) әлем кубогы кезеңінде Алтынхан Темірбек еркін жаттығудан күміс жүлдегер атанды.