
Бүгін Польша астанасы Варшавада бокстан дәстүрлі Феликс Штамм турнирі басталады. Аталған турнирді World Boxing ұйымы әлем кубогы кезеңдерінің қатарына қосқан. Алайда, бұл бәсекеден Қазақстан ерлер құрамасы сырт қалды. Осыған орай, Sportbugin.kz Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игеневке хабарласып, мән-жайды анықтаған болатын.
— Рауан мырза, Польшадағы Феликс Штамм турниріне отандық боксшылардың қатыспайтыны белгілі болды. Бұл жанкүйерлер арасында біраз түсінбеушілік тудыруда. Команда жарыстан неліктен бас тартты?
— Негізі, бұл турнир алғашында World Boxing өткізетін ресми жарыстардың тізімінде болған жоқ. Көбіне Еуропа елдері қатыстын халықаралық турнирдің бірі еді. Жарысты ұйымдастырушылар бізге де шақырту жіберді. Біз өз жоспарларымызды бағамдай келе, Феликс Штамм турниріне қатыспаймыз деп шештік. Себебі, бұл жарыста ешқандай ұпай берілмейді, рейтинг жүрмейді. Оның үстіне, турнирге қатысты қосымша мәліметтерді сұрағанымызда, World Boxing ұйымы бұл бәсекенің ресми жарыстардың қатарында жоқ екенін мәлімдеді. Тек турнир басталуына санаулы күн қалғанда ғана, World Boxing ұйымы Феликс Штамм турниріне әлем кубогы мәртебесін берді. Ал біз бұл турнирге қатысу жоспарымызда болмағандықтан, жарыстан сырт қалдық. Десе де, әлемдік ұйыммен тағы да байланысқа шықтық. World Boxing мәліметінше, Феликс Штамм турниріне әлем кубогы мәртебесі берілгенімен, ешқандай рейтингтік ұпайлар жүрмейді. Демек, бізге жоғалтатын ештеңе жоқ.
— Қазір әлеуметтік желіде Өзбекстан құрамасының Польшадағы турнирге негізгі құрамды жіберіп, біздің команданың қатыспай қалғаны қызу талқыланып жатыр…
— Әр команданың өз дайындық жоспары бар. Әрбір құрама қандай жарысқа қатысу керектігін өздері шешеді. Біздің өз жоспарымыз, өз мақсатымыз, өзіндік дайындық тәсілдеріміз бар. Қазір құрамадағы ешбір боксшы бос жүрген жоқ. Бірі жарыста, бірі оқу-жаттығу жиынында, енді бірі кезекті турнирге қызу дайындалуда. Өзбекстанның да дәл сондай жоспарлары бар. Екі ел боксшыларының арасындағы жекпе-жектер өте қызықты өтетінін білемін. Бірақ әр жарыс сайын бұлай байбалам салудың қажеті жоқ. Польшадағы турнирге қатыспағаннан біздің ұпайымыз кеміп, мәртебеміз төмендеп қалмайды. Біз баратын келесі жарысқа Өзбекстан келмеуі мүмкін, мысалы. Тағы да айтамын, әр команда қандай жарысқа қатысатынын өзі шешеді. Сондықтан, шу көтеретіндей мәселе жоқ.