
Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында ерекше жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
17 жасқа дейінгі атлеттер арасындағы жарыста Нұржан Жұмабай тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 315 келіні көтерді. Сонымен қатар серпе көтеруде Азия рекордын жаңартты — 175 келі. Ал, жұлқа көтеруде Нұржан 140 келіні бағындырды.
U20 санатындағы Азия чемпионатында Едіге Ембердіге тең келер ешкім болмады. Ол да серпе көтеруде құрлық рекордын жаңартты — 194 келі. Жұлқа көтеруде 153 келіні еңсерді. Қоссайыс нәтижесі бойынша 347 келіні бағындырып, алтын медаль жеңіп алды.
U20 жарысында екінші орынды қазақстандық Ақжол Құрманбек иеленді. Ол қоссайыста 343 (151+192) келі нәтижесін көрсетті.