Ақтөбелік Бексұлтан Малайдар Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарында бозкілемге шығады. Ол еркін күрестен 97 келі салмақта жолдама жеңіп алған. Қазіргі таңда Бексұлтан төрткүл дүние додасы қарсаңындағы дайындықтың үшінші, соңғы кезеңін аяқтады. Осы орайда Sportbugin тілшісі балуанның бапкерімен сұхбаттасып, дайындық барысы туралы сұрады.
Бексұлтанның бапкері Жанат Қожантаев Токио-2025 Сурдлимпиадасына дайындық барысының қалай өткенін айтып берді. Бапкердің айтуынша, ол сурдспортшыларды жаттықтыруға кездейсоқ келген. Дегенмен үздіксіз еңбектену мен күнделікті жұмыс арқылы бұл саланы шын сүйіп, өмірінің маңызды бөлігіне айналдырған.
«2015 жылы сурдспортшылар спорт залға келіп, жаттығуларына көмектесуімді сұрады. Сол уақыттан бері олармен жұмыс істеу – менің негізгі кәсібім. Осы спортта бапкер болу және сурдо күресті дамыту – мен үшін үлкен мәртебе», — дейді бапкер.
Токиода ел намысын қорғайтын ақтөбелік балуанның бұл алғашқы жарысы емес. Бұған дейін ол 2022 жылы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарынд үздік үштікке еніп, қола жүлдегер атанған. Бұл жолы Бексұлтан жеңістің ең биік тұғырынан көрінуді мақсат етіп отыр.
«Шәкірттерімнің ішінде ерекше көзге түскен және төрт жылда бір келетін додаға жолдама жеңіп алған балуан – Бексұлтан Малайдар. Осы шәкіртіммен бірге 2022 жылы Бразилияда өткен ойынды үшінші орынмен тәмамдап келгенбіз.
Өзінің еңбекқорлығымен, төзімділігімен ерекшеленетін Бексұлтан Токио Сурдлимпиадасына жолдама алып, дайындықтың соңғы кезеңін өткізіп жатыр. Біздің алаңсыз дайындалуымызға Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубы» үлкен қолдау көрсетті», — дейді бапкер.
Айта кетейік, Токио-2025 Сурдолимпиадасы 15 қарашада басталып, 26 қарашаға дейін жалғасады. Еркін күрестен ел намысын алты балуан қорғайды.
