Еркін күрестен Загребте (Хорватия) өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді Қазақстан күрес федерациясының қорытынды жиынына шақырылмаған. Бұл туралы балуанның өзі мәлімдеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
19 желтоқсан күні Астанада Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы қорытынды жиын өткізіп, биыл әлемдік және құрлықтық жарыстардан жүлде алған балуандарды марапаттады.
Өкінішке қарай, олардың қатарында биыл еркін күрестен 57 келі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Асылжан Есенгелді жоқ. Балуанның өзі дәл қазір АҚШ-та жаттығу жиынында жүр. Десе де, балуанға марапаттау кешінің шақыртуы мүлде берілмеген.
«Америкаға кетпей тұрып, команда басшысынан жылдың қорытынды кеші туралы сұрадым. Егер марапаттау рәсімі өтетін болса, қалып, қатысқым келген. Бірақ ол марапаттау рәсімі болмайтынын айтты. Сосын алаңсыз АҚШ-қа жаттығуға кеттім. Кейін қарасам, федерация қорытынды кеш өткізіп, балуандарға құрмет көрсетіпті. Олардың қатарында әлем чемпионатынан орын алмағандар да бар. Менің еңбегімді жоққа шығарып, осылай бөле-жарғанына көңілім түсіп кетті. Ең болмаса, федерация өкілдерінен осындай кеш өтейін деп жатыр деген бір ауыз сөз болмады», — дейді Асылжан.
Осыған орай, Қазақстан күрес федерациясы пікір білдірді.
«Еркін күрестен ерлер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді Федерация тарапынан марапатталған спортшылардың қатарында бар. Ол Хорватияның Загреб қаласында өткен Әлем чемпионатындағы жоғары нәтижесі үшін «Ерен еңбегі үшін» наградасымен марапатталды. Қазіргі уақытта Асылжан Есенгелді АҚШ-та оқу-жаттығу жиынында болғандықтан, Федерацияның жалпы жиналысына қатыса алмады.
Қазақстан күрес федерациясы ұлттық құрама спортшылары мен олардың бапкерлерімен тұрақты түрде тығыз қарым-қатынасты жұмыс істейді. Федерация үшін спортшылардың оқу-жаттығу процесі мен жарыстарға сапалы дайындығы – әрдайым басымдықта тұрады. Аталған спортшылар елге оралғаннан кейін өздеріне тиесілі марапаттар салтанатты түрде табысталып, лайықты құрмет көрсетіледі», — делінген хабарламада.
