«Ордабасының» спорт директоры Таңат Нөсербаев ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Шымкент клубынан кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Клубпен келісімшартым 31 желтоқсанда аяқталады, сондықтан «Ордабасының» қазіргі басшылығымен жұмыс істеуге ешқандай ниетім жоқ.
Мен әрқашан алдыма ашық және таза жұмыс істеу мақсатын қойдым. Сол себепті қажет болған жағдайда полиграфта кез-келген тексерістен өтуге дайынмын.
Өзім күмән келтірген матчқа келер болсақ: мен барынша әдеп шеңберінде әрекет еттім. Тиісті ақпаратты беріп, өз пікірім мен көзқарасымды білдірдім. Жанкүйерлерді алдай алмайсың, сол себепті де клубтың фанаттары бұл матчқа келмеген болар. Мен адал әрі ашық спортты қолдаймын.
Басшылықтың маңайында жүрген, бірақ футболда ешқандай жетістікке жетпеген бөгде адамдарды бөлек атап өткім келеді. Оларға берер кеңесім – аз сөйлеп, көп жұмыс істеу керек.
БАҚ-та мені клубтың селекциялық жұмысына жолатпау үшін беделімді қаралауға тапсырыс берілгенін жақсы түсінемін. Айта кетейін, 2025 жылы селекция жұмысы толығымен сәтсіз болды. Бұл отандық футболшыларға да, легионерлерге де қатысты.
Өмір бойы футболда жүрмін, сондықтан адал есімімді біреулердің лайлауына жол бермеймін.
Сондай-ақ, қала басшылығына маған артқан сенімі үшін және клубтың шынайы жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Жақын арада «Ордабасыға» титулдар мен жеңістер қайта оралатынына сенімдімін», – деп мәлімдеді Нөсербаев.
