Бокстан ІВА әлем чемпионатында топ жарған көкшетаулық Оразбек Асылқұлов өзіне қандай сый-құрмет көрсетілгенін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Әлем біріншілігінен келген соң әкім 2 миллион теңге берді», — деді Оразбек.
Ақмола облысының намысын қорғап, чемпион атанған спортшыға бұдан басқа сыйақы берілмеген. Қандай да бір кәсіпкерлерден де көмек болмапты.
Дәл осы әлем чемпионатында топ жарған Абылайхан Жүсіповке Қарағанды және Абай қалаларынан 2 пәтер сыйға тартылған еді.
«Пәтер, ондай болған жоқ. Бұл сұрақты маған емес, басқаларға қойыңыз. Мен чемпион болғанға дейін қандай болсам, қазір де сондаймын. Ештеңе өзгерген жоқ. Ел намысын абыроймен қорғауды жалғастыра беремін. Барлығы үшін шүкір», — деді Оразбек.
Айта кетелік, боксшы биыл 60 келі салмақта бақ сынайды.
