2026 жылғы 15 ақпан күні сағат 15.00-де Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұлмен кездесу өтеді, деп жазады Qazaq Kuresi Ассоциациясына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Ерсін Балтағұл – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби сумошы әрі қазіргі таңда Жапонияда жоғары нәтижелерге қол жеткізген Қазақстанның жалғыз өкілі. Ол спорттық жолын қазақ күресі мен дзюдодан бастап, ұлттық мектептен шыңдалып, халықаралық деңгейде табысқа жеткен.
Алматы қаласының тумасы Жапониядағы Нихон университетін тамамдағаннан кейін кәсіби сумода Кинбозан Харуки лақап атымен танымал болған. Бойы — 195 сантиметр, салмағы — 178 келіні құрайтын спортшы бүгінгі таңда сумо күресінің ең жоғарғы дивизионы – Макуутиде өнер көрсетуде.
Жекпе-жек сарайында өтуі жоспарланған кездесуге қазақ күресінің абсолютті салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген түйе балуандар, сондай-ақ Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері – Ұлан Рысқұл, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Марат Байқамұров, Ерасыл Қажыбаев, Мақсат Исағабылов және дзюдодан ҚР құрамасының балуандары қатысады.
Шара барысында қатысушылар Ерсін Балтағұлдың сумодағы кәсіби жолы, Жапониядағы дайындық жүйесі, сумо мәдениеті, сондай-ақ оның ұлттық спорттан халықаралық аренаға шығу тәжірибесі жөнінде тың ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетсек, Қазақстандық кәсіби сумо шебері Жапонияда өткен «Хацу басё – 2025» кубогінде үшінші орынға ие болып, ел тарихындағы маңызды жетістікке қол жеткізген болатын. 15 күнге созылған турнирде Кинбозан Харуки қарсыластарын 13 рет жеңіп, 2 рет жеңілген.
