Албанияның Тирана қаласында күрестен рейтингілік турнирдің соңғы жарыс күні өтіп жатыр. Бүгін кілемге Олимпиада жүлдегері Демеу Жадыраев шықты, деп жазады Sportbugin.kz.
Жадыраев грек-рим күресінен өзі үшін жаңа салмақ — 82 келіде белдесті. Дәл осы салмақта 2 дүркін әлем чемпионы, қырғызстандық Ақжол Махмұдов та күрескен болатын.
Жарыс алдында көпшілік жанкүйер Жадыраев пен Махмұдов арасындағы қарымта белдесуді көреміз деп үміттенген. Бірақ екі балуан да алғашқы айналымдарда жеңіліп қалды.
Демеу Жадыраев екінші белдесуінде америкалық Камал Амир Бейге есе жіберсе, Ақжол Махмұдов әзербайжандық Түнжай Вазирзадеге жол берді.
Екеуінің де қарсыласы финалға өте алмағандықтан, Париж Олимпиадасының қаһармандары бұл бәсекені жүлдесіз аяқтады.
