
18-23 наурыз аралығында Қарағанды қаласында каратэ WKF нұсқасы бойынша юниорлар және жастар (U21) арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп жазады Sportbugin.kz
Ел біріншілігіне Қазақстанның 15 өңірінен 700-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Аталған дода жас каратэшілер үшін аса маңызды жарыстардың бірі саналады, себебі бұл турнир Азия және әлем чемпионаттарына іріктеу кезеңдерінің қатарына кіреді.
Айта кетейік, іріктеудің алғашқы кезеңі қаңтар айында Шымкент қаласында өткен Shymkent Open халықаралық турнирі аясында ұйымдастырылған болатын. Ал шешуші кезең сәуір айында өтетін Ақжайық Open халықаралық турнирінде жалғасады.
Жарыс барысында спортшылар әр кезеңде жинаған ұпайлары арқылы рейтинг қалыптастырып, құрлықтық және әлемдік додаларда Қазақстан намысын қорғайтын үздік құрам анықталады.
Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте: 1 орын — Маңғыстау облысы 2 орын — Жамбыл облысы 3 орын — Шымкент қаласы
Қарағандыдағы ел біріншілігі жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, алдағы халықаралық жарыстар алдында маңызды тәжірибе алаңына айналды.
