Олимпиада чемпионы Елдос Сметов отадан кейін жаттығу процесін қайта бастағанын мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшының айтуынша, дайындық кезеңі біртіндеп жүргізіліп жатыр:
«Қазіргі таңда жаттығуды қайта бастадық. Алғашқы кезеңді таудағы оқу-жаттығу жиындарынан бастаймыз. Кейін құрамамен бірге дайындықты жалғастырамыз. Қай жарысқа қатысатынымыз физикалық формамызға байланысты шешіледі.
Негізі жоспарымызда Қытайда өтетін Гран-при турнирі болған. Алайда күтпеген отаға байланысты біраз уақыт жаттығудан қол үзіп қалдық.
Бүгін жаттығуға қайта кіріскенімізге үшінші күн. Алда жанкүйерлерді эмоцияға толы жарыстар мен жеңістер күтіп тұр деп сенемін. Ең бастысы — бабымызды қалыпқа келтіріп, өзімізге деген сенімді қайта нығайту,»,- деді Сметов.
