Еркін күрестен Қазақстан чемпионатының соңғы жарыс күнінде әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан сынға түсіп, финалда жеңіліс тапты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
97 келіге дейінгі салмақтың финалдық белдесуінде Ризабек Айтмұхан мен Әлішер Ерғали белдескен болатын.
Аса тартысты кездесуде 14:10 есебімен тәжірибелі балуан Әлішер жеңіске жетті. Осылайша, Ризабек әлем чемпионатынан кейін қатысқан алғашқы ресми жарысында алтын медальға қол жеткізе алмады.
Айта кетелік, Ризабек Айтмұхан 92 келіге дейінгі салмақта 2023 жылғы әлем чемпионы. Ол аталған турнирден соң олимпиадалық салмақ — 97 келіге ауысқан болатын.
Қазақстан чемпионы атанған балуандар Бішкекте өтетін лицензиялық турнирге қатысады.