Еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, үш дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков Астанада аяқталған күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігін қорытындылап, өз бағасын берді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Ел чемпионатын тамашаладым. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары болды. Төрешілер де сауатты жұмыс істегені көрініп тұр. Бұл еліміздегі күрес деңгейінің өскенін байқатады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының атмосферасы да ерекше. Балуандардың аяқ алысын бүкілел тамашалап, теледидардан көрсетілгені де қуантады. Шынымды айтсам, өзімнің де күрескім келіп кетті. Менімен бірге бастаған балуандар да жүлде алып жатыр. Әділет Дәулембаев, Азамат Күстібаев, Азамат Өміржановтар — менің замандастарым. Бірақ кілемнен біржола кеткенім рас. Енді қайтып оралмаймын. Көрермен ретінде чемпионатты рахаттанып тамашаладым», — дейді Дәулет.
Сондай-ақ, Ниязбеков өзі белдескен 65 келіге дейінгі салмақтағы балуандарға, оның ішінде, Начын Кууларға қатысты ойын айтты.
«65 келіде маңғыстаулық жас балуан чемпион болды. Алайда, лицензиялық турнирге Санжар Мұхтарды жіберетін шығар деп ойлаймын. Былтырғы ел чемпионы әрі тәжірибесі бар. Ресейлік легионерге келер болсам, Начынның күресетені туралы былтыр хабар тараған. Оны өткен жылғы ел біріншілігінде күреседі деп естігем. Бірақ биылғы чемпионатқа дайындалыпты. Начын мен Санжар арасындағы белдесуді толық көрмедім. Жалпы, мен легионерлердің келуіне әу бастан қарсы адаммын. Құптамаймын. Олар қазақ балуандарының жолын жабады», — деді бұрынғы спортшы.
Сөз соңында Дәулет Ниязбеков 97 келіге дейінгі салмақта керемет белдесу көрсеткен Ризабек Айтмұхан мен Әлішер Ерғалидің жекпе-жегіне тоқталды.
«Шыны керек, бұл кездесуден ләззат алдым. Таблодағы есепке де қарамай, күрестеріне риза болып отырдым. Екі балуан да еркін күрестің шын шеберлері. Екеуі де елімізде еркін күрестің қарқын алғанын көрсетті. Ризабек өзі үшін жаңа салмаққа қауысып отыр. Негізі, басқа салмаққа бейімделу үшін бір жарым жылдай уақыт керек. Десе де, Айтмұхан бұл салмақта өзін жайлы сезінетін секілді. Екеуі де мықты», — деді Дәулет.