21-24 мамыр аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда таеквондодан Азия чемпионаты өтеді. Құрлық біріншілігі қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов құрама дайындығы туралы пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Азия чемпионатына дайындық аясында екі халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Алдымен Ресей құрамасымен бірге жаттықтық. Одан кейін Қытайға барып, жергілікті спортшылармен дайындалдық. Бұл жиындар біз үшін өте пайдалы болды, спортшылар жақсы тәжірибе жинады. Қытайға баруымыздың басты себебі — Азия чемпионатында бақ сынайтын көптеген спортшылардың стилі қытайлық таеквондошыларға ұқсас. Біз тікелей ұлттық құрамамен емес, Қытайдың бірнеше аймағынан жиналған 80-нен астам спортшымен спарринг өткіздік. Қазір соңғы бір апталық оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз», -деді бас бапкер.
Сондай-ақ Есбол Сұлтанов алдағы бәсекенің аса тартысты болатынын атап өтті.
«Өткен Азия чемпионатында бір күміс жүлде алған едік. Ол кезде бәсекелестік өте жоғары болды. Кейбір мықты елдер бір салмақта екі спортшыдан қатыстырды.
Биыл да жарыс өте жоғары деңгейде өтеді деп күтіп отырмыз. Азия елдерінің деңгейі өте мықты. Соңғы Олимпиададағы сегіз алтын жүлденің бесеуін Азия спортшылары жеңіп алды. Сонымен қатар әлем чемпионатының финалдарында да Азия елдерінің өкілдері жиі өнер көрсетіп жүр.
Иран, Корея, Қытай, Өзбекстан секілді көшбасшы елдер бір салмақта екі спортшыдан қоса алады. Бұл — олардың артықшылығы. Дегенмен біз де бар күшімізді саламыз. Қоржынға 4-5 медаль түседі деп сенеміз. Алтын жүлдеден де үміттіміз.», — деді.
