Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысында каратэ WKF федерациясының жаңа басшыларын тағайындауға арналған ресми жиындар өтті, деп жазады Sportbugin.kz.
Алматыда өткен кезектен тыс жиынға Қазақстан Республикасы Каратэ WKF федерациясының 1-вице президенті Болат Хавлахат, ҰОК атқару комитетінің мүшесі Қайрат Дүйсенов, жаттықтырушылар, спортшылар және ата-аналар қатысты. Жиын қорытындысында Алматы қаласы Каратэ WKF федерациясының президенті болып Ғазиз Абдрасилов сайланды.
Жаңа басшы Алматыда каратэ спортын дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және халықаралық жетістіктерге жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Ал Батыс Қазақстан облысында өткен жиынға спорт саласының мамандары мен ардагерлері қатысты. Басқосуда өңірдегі каратэ спортының даму қарқыны мен алдағы жоспарлар талқыланды. Бүгінде облыста 1000-нан астам жасөспірім каратэмен тұрақты түрде шұғылданады.
Жиында Мирас Мүлкәй федерацияның жаңа президенті болып тағайындалып, алдағы халықаралық жарыстарда өңір спортшыларының жоғары нәтиже көрсетуіне қолдау білдірілді.
