Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда басталған таеквондодан ересектер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Еркебұлан Еңсегенов қола жүлдеге қол жеткізді. Ересектер арасындағы Азия чемпионатына алғаш рет қатысып отырған қазақстандық спортшы жарыс барысында бірнеше мықты қарсыласын артта қалдырды.
Отандасымыз алғашқы белдесуінде Қытай спортшысын жеңсе, кейін Филиппин өкілінен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Алайда финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Иордания таеквондошысы Жаафар әл-Даудқа тартысты жекпе-жекте есе жіберді.
Қорытынды есеп — 1:2.
Осылайша, Еркебұлан Еңсегенов Қазақстан құрамасына құрлық додасындағы алғашқы жүлдені сыйлап, Азия чемпионатының қола медалін иеленді.
