17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Мадхия Усманова допинг дауына байланысты төрт жылға спорттан шеттетілді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстандық жас балуан 2025 жылы Афинада өткен әлем чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алып, ел қоржынына тарихи жүлде салған еді.
Алайда Қазақстанның антидопинг орталығы жариялаған мәліметке сәйкес, спортшының ағзасынан тыйым салынған «Мельдоний» препараты анықталған. Ең қызығы, оң нәтиже көрсеткен сынама дәл әлем чемпионатының финалы өткен — 2025 жылдың 31 шілдесінде алынған.
Осыған байланысты Мадхия Усманова 2025 жылдың 13 қазанынан 2029 жылдың 12 қазанына дейін жарыстардан шеттетілді.
Енді United World Wrestling ұйымы өз ережесіне сәйкес қазақстандық балуанды әлем чемпионы атағынан айыруы мүмкін. Қазіргі уақытта United World Wrestling ресми сайтында Усманова әлі де 2025 жылғы әлем чемпионы ретінде көрсетілген.
