Қазақстанның танымал балуаны, Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров соңғы уақытта әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары Шымкент құрамасы сапында өнер көрсететін легионер Начын Кууларға жарыс барысында ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсеткен Таңатаровқа легионерлерге қатысты бұрынғы ұстанымын еске салған еді.
Осыған байланысты Ақжүрек Таңатаров өзінің позициясын түсіндірді.
«Қазіргі уақытта қазақтан Олимпиада чемпионын тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Біздің заманымызда мұндай мүмкіндік те, мұндай қолдау да болған жоқ. Бүгінде әркімнің арманы — Олимпиада чемпионы қазақ болуы. Мен әрқашан легионерлерді тартуға қарсы болдым және легионерлерге қатысты заңның бастауында да осы ұстаным тұрған. Бірақ қолдау көрсету мен кәсіби қызығушылықты немесе күрестегі кез келген қарсыластың қателігін түзетуді шатастырмау керек», — деді Ақжүрек Таңатаров.
Айта кетейік, соңғы уақытта Таңатаровтың әлеуметтік желідегі белсенділігі күрес жанкүйерлерінің назарын аударып жүр. Ол жақында Қазақстан атынан өнер көрсететін легионер Начын Кууларға қолдау білдірсе, енді дағыстандық бапкер Маирбек Юсуповтың тәжірибесіне жоғары баға беріп отыр. Тіпті Олимпиада жүлдегері өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Маирбек Юсуповқа қатысты бірнеше видео жариялап, шетелдік маманның Қазақстан құрамасына үлкен пайда әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
