Қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко Zuffa Boxing ұйымында жұдырықтасатын алғашқы қазақстандық атанады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Zuffa Boxing — UFC президенті Дана Уайт құрған жаңа бокс промоушені.
Дычко бұған дейін де Дана Уайт ұйымдастырған ірі бокс кешінде шаршы алаңға шыққан болатын. Өткен жылдың қыркүйегінде ол Канело — Кроуфорд жекпе-жегі аясындағы бокс кешінде америкалық Джермейн Франклинмен кездескен еді. Алайда сол кездесуде төрешілер жеңісті қарсыласына беріп, көптеген мамандар мен жанкүйерлер бұл шешімге наразылық білдірген болатын.
6 маусым күні Ұлыбританияның Борнмут қаласында өтетін Zuffa Boxing кешінде Иван Дычко (15 жеңіс, 1 жеңіліс, 14 нокаут) жергілікті боксшы Харви Дикеспен (7 жеңіс, 1 тең нәтиже) қолғап түйістіреді. Бір қызығы, британдық боксшы кәсіби мансабында әлі бірде-бір қарсыласын нокаутпен жеңген емес.
