Қазақстандық аралас жекпе-жек ұйымы Orda Global Fights (OGF) алғашқы турнирінің өтпейтінін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Алматы қаласында 6 маусым күні өтуі тиіс болған жарыстың басты жекпе-жегінде қазақстандық Әділ Боранбаев пен UFC ұйымының бұрынғы чемпионы, америкалық Энтони Петтис кездесуі жоспарланған еді.
Алайда турнир өтетін күні америкалық файтер жекпе-жекке шықпайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, промоушен келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаған. Сондай-ақ Петтистің командасы осы жағдайға байланысты 800 мың доллардан астам қаржылық шығынға ұшырағанын хабарлады.
Ал Orda Global Fights ұйымы Петтистің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірмей, турнирдің кейінге шегерілмей, толықтай тоқтатылғанын жариялады.
«Бұл шешімді қабылдау біз үшін өте ауыр. Біз жанкүйерлерге тартысты жекпе-жектер мен әсерлі шоу ұсынуға дайындалдық. Күткен үміттеріңіз ақталмағаны үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Бізді қолдап, жобаға сенім артқан әрбір жанкүйерге алғыс айтамыз», — делінген ұйымның ресми хабарламасында.
