Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда күрестен өтіп жатқан Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирінің үшінші жарыс күнінде отандық балуандар бірнеше жүлдеге қол жеткізді, деп жазады Sportbugin.kz.
Еркін күрестен 86 келі салмақта сынға түскен Болат Сақаев алғашқы айналымда Олимпиада чемпионы Могамед Рамазановқа жол берді. Алайда жұбаныш белдесулері арқылы қола жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болған қазақстандық балуан жүлде жолындағы кездесуде моңғолиялық қарсыласын 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
92 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков финалға дейін сенімді жетіп, алтын медаль үшін ресейлік Асхаб Саадулаевпен күш сынасты. Тартысты өткен шешуші белдесуде қазақстандық спортшы 3:6 есебімен есе жіберіп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Әйелдер күресінен 55 келі салмақта өнер көрсеткен Лаура Әлмағанбетова қола медаль үшін белдесуде Түркия өкілі Демир Турбамен кездесті. Алайда тартысты өткен кездесуде 4:8 есебімен жеңіліп, жүлдеден тыс қалды.
Ал 76 келі салмақтағы қола жүлде үшін өткен қазақстандық балуандар арасындағы белдесуде тәжірибелі Эльмира Сыздықова Гүлмарал Еркебаеваны 7:3 есебімен жеңіп, Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирінің қола жүлдегері атанды. Осылайша, жарыстың үшінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы қоржынына бір күміс және екі қола медаль салды.
