Танымал бапкер Тұрсынғали Еділов бокстан Әлем кубогында Нұрбек Оралбайдың өзбекстандық Тұрабек Хабибуллаевқа есе жіберуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Маманның айтуынша, Хабибуллаев 90 келі салмақ дәрежесіндегі ең мықты боксшылардың бірі және бұл салмақтағы тәжірибесі де мол.
«Тұрабек Хабибуллаев — 90 келідегі өте мықты боксшы. Ал Нұрбек бұл салмаққа енді ғана бейімделіп жатыр. Оның үстіне, жекпе-жекте Нұрбектің шаршаңқы екені байқалды, жылдамдығы да бұрынғыдай емес. Жалпы біздің жігіттердің көзінде бұрынғыдай от көрінбейді, сергектік жетіспейді. Бұған оқу-жаттығу жиындарының жиі әрі көп өткізілуі әсер етуі мүмкін. Нұрбек Олимпиаданың финалисі ғой. Қателіктерін жеке бапкерлерімен бірге талдап, ары қарай жұмыс істеу қажет», — деді Еділов.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай Әлем кубогының ширек финалында өзбекстандық Тұрабек Хабибуллаевтан жеңіліп, жарысты аяқтады.
