Әлем чемпионатының 1/16 финалында Англиядан жеңілген Конго құрамасының бас бапкеріне матчтан кейін қайғылы хабар жетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Кездесуде Конго құрамасы есепті 7-минутта ашқанымен, екінші таймда Англия шабуылшысы Харри Кейн дубль авторы атанып, командасына 2:1 есебімен жеңіс сыйлады.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Конго футбол федерациясының өкілі Себастьян Десабрдың әкесі өмірден өткенін мәлімдеді.
«Бапкеріміз әкесінен айырылды. Осыған байланысты оған және отбасына шын жүректен көңіл айтамыз», — деді федерация өкілі.
49 жастағы француз маманы қысқа ғана «рақмет» айтып, баспасөз мәслихатын аяқтады.
Айта кетейік, Англия құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалында Мексикамен кездеседі. Матч 5 шілде күні Мехикода өтеді.
