Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп жазады Sportbugin.kz.
Екі күнге созылған дүбірлі дода қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 алтын, 13 күміс және 18 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Екінші орын Өзбекстан құрамасына тиесілі болса, үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді.
Қазақстан құрамасы сапында Мария Ефремова (ұзындыққа секіру және үш қарғып секіру), Максим Балабин (сырықпен секіру), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Вячеслав Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Ефим Тарассов (400 метрге жүгіру), Аяна Болатбекқызы (1500 метрге жүгіру), Кристина Минковская, Мария Щипачева, Анастасия Кононович және Елизавета Якименко (4×100 метрлік эстафета), Рамазан Шаиев (800 метрге жүгіру), Полина Иванова (сырықпен секіру) мен Ақбілек Құралбай (5000 метрге жүгіру) жеңімпаз атанды.
Турнирде екі алтын медаль жеңіп алған Мария Ефремова бұл жарыстың өзі үшін ерекше маңызға ие болғанын айтты.
«Бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Шымкенттегі турнир биылғы маусымдағы екінші жарысым болды. Азия чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін Ғұсман Қосанов мемориалында екі алтын медаль жеңіп алып, екі бағдарламада да жоғары деңгейде өнер көрсете алатынымды дәлелдедім. Өз нәтижеме жоғары баға беремін. Үш қарғып секіру – негізгі бағдарламам болса, ұзындыққа секіруді дайындықтың бір бөлігі ретінде пайдаланып, өзімді сынап көрдім.
Биылғы маусымдағы басты мақсатымыз – Азия ойындары. Сондықтан бұл турнирді сол маңызды додаға апарар дайындықтың алғашқы кезеңі деп айтуға болады», – деді Мария Ефремова.
Жақында ғана Азия чемпионатында бес дүркін жеңімпаз атанған Аделина Земс те Шымкенттің өзінің спорттық жолындағы орны ерекше екенін атап өтті.
«Осыдан он жыл бұрын дәл осы қалада алғаш рет Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, кәсіби спорттағы жолымды бастадым. Сондықтан Шымкентке әрдайым ерекше ықыласпен келемін. Мұнда әр жарыс сайын нәтижемді жақсартып жүргендеймін.
Бүгінгі жарысқа дайындық оңай болған жоқ. Жаттықтырушыммен бірге түрлі қиындықтарды еңсердік. Сондықтан ең алдымен оның сенімін ақтағым келді. Жақындарымның қолдауының арқасында алға қойған мақсатқа қол жеткіздім деп ойлаймын», – деді спортшы.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасенов Ғұсман Қосанов мемориалының елдегі жеңіл атлетика үшін маңызы зор екенін атап өтіп, жүлдегерлерге арнайы ақшалай сыйақы қарастырылғанын жеткізді.
«Ғұсман Қосанов мемориалы – Қазақстандағы жеңіл атлетика күнтізбесіндегі ең беделді жарыстардың бірі. Биыл бұл турнир 35-рет ұйымдастырылып, тағы да әртүрлі елдерден келген үздік жеңіл атлеттерді бір алаңға жинады. Екі күн бойы спортшылар жеңіл атлетиканың 30-ға жуық бағдарламасы бойынша бақ сынап, жарыстың жоғары деңгейі мен ауқымын тағы бір мәрте дәлелдеді. Біз үшін қазақ жеңіл атлетикасының аңызы Әмин Тұяқовтың және Олимпиада чемпиондарының жастарды қолдау үшін арнайы келуі – үлкен мәртебе.
Биыл Федерация алғаш рет 1–6 орын алған спортшыларға ақшалай сыйақы тағайындады. Бұл – спортшыларды қолдау, жеңіл атлетиканы дамыту және жаңа жетістіктерге ынталандыру жолындағы маңызды қадам», – деді Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасенов.
Турнир барысында бір жарыс рекорды жаңартылды. Ерлер арасындағы 1500 метрге жүгіруде Қырғызстан өкілі Нұрсұлтан Кенешбеков 3:43.51 нәтиже көрсетіп, өзіне тиесілі 2021 жылдан бері сақталып келген жарыс рекордын жаңартты.
Биылғы халықаралық турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Малайзия, Иран, Египет, Сауд Арабиясы, Әзербайжан және Грузиядан 250-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс 30 маусым мен 1 шілде аралығында Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтті.
