Қазақстанның U20 құрамасы еркін күрестен Азия чемпионатында топ жарды, деп жазады Sportbugin.kz.
Таиландта өткен U15 және U20 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатында 20 жасқа дейінгі еркін күрес балуандарының жарысы аяқталды.
Қазақстанның жастар құрамасы құрлықтық додада 7 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Ұлттық құрама қоржынына 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль түсті.
Азия чемпионы атанғандардың қатарында 61 келі салмақта белдескен Бекасыл Ассамбек пен 74 келіде сынға түскен Нұрдәулет Сейілбеков бар.
Күміс жүлдені 70 келіде Сұңқар Сейдахмет, 92 келіде Бейбарыс Ерғали және 97 келіде Самир Дурсунов иеленді.
Ал 79 келіде Айбек Қалияхмет пен 86 келіде Асхаб Хажиев қола медальға қол жеткізді.
Осы нәтижелердің арқасында Қазақстанның U20 құрамасы еркін күрестен Азия чемпионатының жалпыкомандалық есебінде бірінші орынға көтерілді.
