Астанада Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов жол-көлік оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 8 шілде күні елордадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының маңында болған. Үш көліктің қатысуымен екі жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Куәгерлердің айтуынша, апатқа себеп болуы мүмкін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған.
Кейін полиция қызметкерлері күдікті көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстаған. Дереккөз мәліметінше, Toyota маркалы жол талғамайтын көлікті Данияр Елеусінов басқарған. Патрульдік полиция қызметкерлері оны алкогольдік масаң күйде болуы мүмкін деген күдікпен медициналық куәландыруға жіберген.
Егер сараптама қорытындысы жүргізушінің мас күйде болғанын растаса, оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің мас күйінде көлік басқару және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуға қатысты баптары бойынша жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.
Өз кезегінде Астана қаласы Полиция департаменті жол-көлік оқиғасының болғанын және жүргізушінің оқиға орнынан кеткенін растады. Алайда ведомство жүргізушінің жеке басын ресми түрде жариялаған жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
