Қазақстандық бапкер Мұхит Амантаевқа балағат сөз айтқаны үшін әкімшілік іс қозғалды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстандық бокс бапкері әрі ММА спортшысы Мұхит Амантаев әлеуметтік желіде тараған бейәдеп сөз айтқан видеодан кейін даудың ортасында қалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінің алдында болған. Видеода Амантаев қарсыласына балағат сөз айтып, қоқан-лоқы көрсеткені естіледі.
Астана қалалық полиция департаменті спортшыға қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданғанын хабарлады. Егер сот кінәлі деп таныса, оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Өз кезегінде Амантаев әлеуметтік желіде: «Заң алдында бәрі тең. Әркім өз ісіне жауап беруі керек», — деп пікір білдірді.
Айта кетейік, 39 жастағы Мұхит Амантаев 4 шілде күні Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінде Ануарбек Бекембетовтен техникалық нокаутпен жеңілген еді.
