Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарына қатысатын құрамды әлі жариялаған жоқ. Желіде және жанкүйерлер арасында 70 келіде кімнің баратыны қызу талқыланып жатыр.
Sportbugin.kz сенімді дереккөзінің мәліметінше, Азия ойындарына баратын құрам жасақталып қойған. Тек 70 келі салмақта кімге таңдау түсетіні шешілмеген.
Бұл салмақта Азия ойындарына басты үміткерлер IBA әлем чемпионы, Азия чемпионы, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада чемпионы Абылайхан Жүсіпов пен World Boxing әлем чемпионы Төрехан Сабырхан.
Айта кетелік, осыдан бір күн бұрын Төрехан Сабырханның жеке бапкері әлеуметтік желіде пост жариялап, шәкіртінің Азия ойындарынан тыс қалуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Кейін бапкер аталған жазбасын өшіріп тастады.
Осыдан кейін TikTok желісінде Төрехан Сабырханды қолдаған видеолар тарай бастады. Кейбір видеоларда Абылайхан Жүсіповтің жеңілген жекпе-жектерінен үзінділер пайдаланылған.
