Нұрасыл Ассамбек Словакияда өтіп жатқан күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды, деп жазады Sportbugin.kz.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрасыл үшінші орын үшін тартыста Өзбекстан балуаны Ұлықбек Рашидовты 13:6 есебімен жеңді.
Нұрасыл іріктеу кезеңінде украиналық Аббас Хусейновтан 4:2 есебімен басым түссе, 1/8 финалда франциялық Гаспар Чейноксты 11:0 есебімен жеңді. Алайда ширек финалда америкалық Изе Кортеске 0:6 есебімен жол берді.
Кортестің финалға шығуы Нұрасыл Ассамбекке жұбаныш белдесулерінде бақ сынауға мүмкіндік берді. Бұл кезеңде ол Қытай балуаны Чэнтао Ванды 10:5 есебімен ұтып, қола жүлде үшін белдесуге жолдама алды.
Айта кетейік, бұған дейін 61 келіге дейінгі салмақта Бекасыл Ассамбек күміс жүлдегер атанған еді. Осылайша, ағайынды Ассамбек Қазақстан қоржынына екі медаль салды.
