Алматыда ауыл балаларына арналған AUYL SPORT жобасының үшінші маусымы бастау алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Биыл жоба аясындағы жарыстар еліміздің 17 облысында ұйымдастырылып, оған 15 мыңға жуық жас спортшы қатысады.
10-15 жас аралығындағы балалар спорттың сегіз түрінен — бокс, еркін күрес, футбол, волейбол, баскетбол, каратэ, шахмат және үстел теннисінен бақ сынайды. Жүлде қорына 78 млн теңге бөлінген.
Өңірлік турнирлер Қазақстанның барлық 17 облысында өтіп, оған 15 мыңға жуық спортшы қатысады. 10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі және футболдан бақ сынап, 510 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Жарыстар 10 қыркүйекте басталып, 10 қазанға дейін жалғасады. Жоба 2024 жылы ауылдық жерлердегі балалардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беру мақсатында іске қосылған. Осы уақыт аралығында оған 10 мыңнан астам бала қатысқан.
AUYL SPORT-тың алғашқы маусымдарында топ жарған жас спортшылардың арасында халықаралық жарыстарда жүлде алғандар да бар. Бұл жолы ұйымдастырушылар ауылдық жерлердегі жаңа спорттық таланттарды анықтап, олардың кәсіби спортқа қадам басуына жағдай жасауды көздеп отыр.
Сонымен қатар биыл жоғары нәтиже көрсеткен ауылдарда 10 спорт алаңын салу жоспарланған.
Үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға білім гранттарын беру мәселесі де қарастырылуда.
Жобаның үшінші маусымы ауылдағы мыңдаған бала үшін алғашқы үлкен жарыс қана емес, республикалық құрамаға, халықаралық турнирлерге және кәсіби спортқа бастайтын мүмкіндік алаңына айналмақ.
