Бішкекте күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатының жүлдегерлері федерация тарапынан тағайындалған сыйақыларын алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстан күрес федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында Азамат Дәулетбеков, Алматбек Аманбек, Гүлмарал Еркебаева, Едіге Қасымбектердің сыйақы алғандары туралы пікір білдірген видеосы жарияланды.
Федерацияның ересектер арасындағы Азия чемпионатының жүлдегерлеріне беретін сыйақысы: алтын медаль иегеріне — 30 мың долларды, оның жаттықтырушысына 6 мың долларды құрайды.
Күміс жүлдегерге 20 мың доллар, ал оның бапкеріне 4 мың доллар беріледі. Қола медаль иегері 10 мың доллар, жаттықтырушысы 2 мың доллар көлемінде сыйақы алады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында күрес түрлерінен бір алтын және алты қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады.
