Италияда қазақ боксшысы сынған қолымен жұдырықтасқан. Бұл туралы журналист Аян Төлеген өз Telegram парақшасында жазды.
Аян Төлеген жақында италиялық шаршы алаңда төрт жекпе-жек өткізген Римма Волосенконы кездестіріп, тілдескенін айтады. Әңгіме барысында ол отандық боксшының ширек финалда, лицензияға жарты қадам қалғанда жеңілуіне не себеп болғанын анықтаған көрінеді.
«Ол Италиядағы спарринг барысында алақан сүйегін сындырып алыпты. Бұл соққы жасайтын қолының бас бармағы деген сөз. Аталған жайт жарысқа алты күн қалғанда болыпты. Шегінерге жол жоқ болғандықтан Римма шыдауды жөн көрген», — деп жазды ол.
Аян Төлегеннің сөзіне сенсек, бұл жағдайдан қабылдаушы тараптың медициналық кластер өкілі де хабардар болған. Италиялық дәрігер Риммаға жарақатты бірнеше күнде емдеу мүмкін емес екенін айтыпты.
«Қолғапты кигенде шок жағдайында болдым. Қалай жұдырықтасамын? Жұдырығымды түйе алмадым. Гипс тек жекпе-жекке бір күн қалғанда шешілді. Бастапқыда оң қолыммен ұруға қорқып, көбірек джеб пайдаландым. Кейін ауырғанын ұмытып, барымды салдым», — деп баяндады тілшіге Римма Волосенко.
Айта кетейік, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Римма Волосенко бокстан Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирдің ширек финалында словакиялық Мирослава Единаковаға есе жіберді.