ММА шебері Арман Оспанов Шымкент қаласы күрес федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Арман Оспанов — жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы және үш дүркін әлем кубогінің иегері. Сондай-ақ ол бразилиялық джиу-джитсудан Азияның екі дүркін чемпионы атанған.
«Сұңқар» лақап атымен танымал спортшының ММА-дағы кәсіби рекорды — 11 жеңіс және 5 жеңіліс. Оспанов 2022 жылдан бері октагонға шыққан жоқ.
Оның соңғы жекпе-жегі 2022 жылы АҚШ-тың Майами қаласында өткен EFC 44 турнирінде болды. Арман Оспанов француз файтері Дилан Сальвадорға мерзімінен бұрын есе жіберді.
Мансабында қазақстандық спортшы EFC-ден бөлек, PFL, ACA және Alash Pride промоушендерінде өнер көрсетті.
