Кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбек Халықаралық бокс федерациясының (IBF) екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп жазады Sportbugin.kz.
IBF ұйымы аталған салмақ дәрежесіндегі боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Жаңа тізімде қазақстандық Сұлтан Зәуірбек көш бастады. Ал екінші орын әзірге бос тұр. Үздік үштікті пуэрто-рикалық Генри Леброн түйіндеді.
Айта кетейік, Сұлтан Зәуірбек соңғы жекпе-жегінде австралиялық Джексон Ингландты айқын басымдықпен жеңген болатын. Төртінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірген.
Осы жеңістен кейін Сұлтан Зәуірбек IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге міндетті үміткер атанды. Енді қазақстандық боксшыға IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, мексикалық Эмануэль Наварретемен жұдырықтасу міндеті тұр.
