
Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан бокстан IBA әлем чемпионатында үш қазақстандық боксшы финалға шықты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі) және Виктория Графеева (60 келі) бокстан әлем чемпионатының финалында бақ сынайды.
Назым жартылай финалда Солтүстік Корея боксшысын 4:1 есебімен ұтты. Оның финалдағы қарсыласы — ресейлік Юлия Чумгалакова. Бұл Назым үшін тарихи чемпионат болмақ. Егер финалда жеңіске жетсе, Қызайбай қазақ спортшылары арасынан шыққан үш дүркін әлем чемпионы атанады.
Виктория Графеева өзі қатысқан алғашқы әлем чемпионтында бірден финалға шықты. Ол жартылай финалда сербиялық Наталья Шадринаны 4:1 есебімен жеңді.
Ал Алуа Балқыбекова жартылай финалда Солтүстік Корея боксшысын айқын басымдықпен, 5:0 есебімен ұтты. Алуа өз мансабында әлем чемпионатының финалына екінші рет шығып отыр. Бұған дейін ол әлем біріншілігінде күміс және қола жүлдегер атанған.
Балқыбекова финалда қытайлық Меи Хумен жұдырықтасады.