
Грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем және Азия чемпионы Исхар Құрбаевқа белгілі меценат Нұртай Сабильянов бастаған жерлестері жаңа көлік сыйлады, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшыға құрмет Вьетнамда өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінен кейін көрсетілді. Исхардың туып-өскен ауылы — Абай облысы, Аягөз ауданы Шыңқожа батыр ауылының тұрғындары атынан сыйлықты меценат, халық қалаулысы Нұртай Сабильянов табыстады.
«Нұртай Салихұлы бастаған ауылдастарыма алғысым шексіз. Су жаңа көлік сыйлап, қуантып тастады. Алақандай ауылымның бұл ықыласы мен үшін бәрінен қымбат. Осы жеңісті өзім оқыған мектептің 100 жылдығына арнадым.
Балуандарға қолдау көрсетіп жүрген жандарға басымды иемін. Біз сіздер артқан үмітті ақтап, дүбірлі додалардан озып келуге тырысамыз. Сондай-ақ, үнемі жанашыр боп, жоғымды түгендеп, қолдауын аямайтын Марат Алиманов ағамызға да үлкен рахметімді айтамын», — деді Құрбаев.