
Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен кезекті әлем чемпионаты аяқталды. Бұл сында еркін күрес шеберлері 2 қола алса, грек-рим күресінен араға 26 жыл салып, алтын медальға қол жетті. Осы бір қуанышты көлеңкелеп тұрған бір жайт бар. Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы осы біріншіліктен құр алақан оралды. Соңғы бес жылда алғаш рет балуан қыздарда медаль жоқ. Осы орайда, әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, бүгінде мемлекетік жаттықтырушы қызметін атқарып жүрген Айым Әбділдина мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Айта кетелік, соңғы төрт әлем чемпионатында әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының жүгін жалғыз Жәмила Бақбергенова арқалап келді. Ол төрт жыл бойы жүлдегерлер қатарына ілікті. Ал биыл жарақатына байланысты алғашқы белдесуде жеңіліп қалды.
Одан бөлек, Қайрат Сағадиев баптайтын құрама 2024 жылғы Париж Олимпиадасына да жолдама алған жоқ. Мемлекеттік жаттықтырушы Айым Әбділдинаның айтуынша, құраманың қазіргі сәтсіздігіне ең алдымен бас бапкер жауапты.
“Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы сәтсіздігі үшін ең алдымен бас бапкер жауапты, бұл – оның тікелей құзыретіне кіреді. Әрдайым біреуді, әсіресе қыздарды кінәлай беруге болмайды! Айта кетейін, бұл дағдарыс бұрыннан басталған. Париждегі Олимпиада ойындарына да Қазақстан құрамасы қатыспаған еді. Сол кезде-ақ өзгерістер жасалуы тиіс болатын. Мысал ретінде боксты алайық. Елдос Сайдалин келмей тұрып, боксшы қыздар құрамында қандай кикілжіңдер болғанын білеміз. Ал Сайдалин келіп барлық мәселе мен ішкі тартысты шешіп берді, нәтижесі де айқын!
Қыздардың нашар нәтижесіне құрама бапкерлері де тікелей қатысты. Өйткені, әрбір бапкердің ұлттық құрамада өз шәкірттері бар, сондықтан оларға өздеріне бәсекелес дайындау тиімсіз. Осының салдарынан, командадағы балуан қыздардың басым бөлігі бапкерлердің назарынан тыс қалып отыр. Құрамада ОФП (жалпы дене дайындығы) бапкері де, психолог та жоқ. Дәрігер мен массажшы жұмысқа қалаған уақытында келеді. Қыздардың бір-біріне система қойып, бір-біріне екпе салып жүретіні ешкімге жасырын емес. Ал жастар құрамасының жағдайы, тіптен, нашар. Бірақ бұл — бөлек әңгіме.
Жақсы нәтиже үшін бізге еркін күрестен тәжірибелі әрі нәтижелі бапкерлерді тарту қажет деп ойлаймын. Келесі жылы – Азия ойындары, ал одан кейін Олимпиада да жақын. Егер қазірден бастап нақты шаралар қабылдамасақ, өкінішке қарай, Лос-Анджелесте де біздің қыздарды көрмей қалуымыз мүмкін.
Әр бапкердің де, әр спортшының да өзіне тән ең жақсы уақыты бар. Ең бастысы – сол сәтте уақытылы әрі абыроймен кете білу. Қазіргі таңда елімізде әйелдер ұлттық құрамасын дайындауға қабілетті, білімді әрі жас отандық талантты жаттықтырушылар бар.
Алайда оларды ұлттық құрама жұмысына тарту жүйелі түрде жүзеге аспай отыр. Бұл мәселені шешу үшін кезінде өздері жоғары деңгейде күрескен, бүгінде бапкерлік қызметте жүрген спортшыларды ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына тартып, олардың тәжірибесі мен білімін жас спортшылармен бөлісуіне жағдай жасау қажет”, — деді мемлекеттік жаттықтырушы Айым Әбділдина.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы