Бокстан Қазақстан құрамасы үздіктерінің бірі, әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Дубайдағы ІВА әлем біріншілігінде финалға шықты, деп жазады Sportbugin.kz.
54 келі салмақта сынға түсіп жатқан Сәкен жартылай финалда Непал өкілі Тапа Чандра Бахадүрмен кездесті. Жекпе-жекте Бибосынов қарсыластан 5:0 есебімен басым түсті.
Осылайша, Сәкен өз мансабында екінші рет әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Бұған дейін ол 2021 жылы Белградта (Сербия) өткен әлем біріншілігінде топ жарған еді.
Сәкен Бибосыновтың финалдағы қарсыласы — ресейлік Вячеслав Рогозин.
Айта кетелік, бұған дейін Сабыржан Аққалықов ақтық сынға өткен болатын.
