Сәкен Бибосынов 54 келі салмақта IBA әлем чемпионы атанған соң, бұл салмақтағы шиеленіс арта түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
Осыған орай, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов 55 келідегі бәсекелестікке тоқталды.
«Байқап отырғандарыңыздай, Қазақстанда бәсекелестік жоғары салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп жүрген боксшыларымыз шетелдік ареналарда да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де бар.
Мәселен, 2025 жылы 55 келіде сынға түскен Махмұд Сабырхан әлем чемпионы атанды. Нұрсұлтан Алтынбек әлем кубогының кезеңінде топ жарды. Бағлан Кенжебек пен Тимур Қабдешов те жүлде тұғырынан көрінді.
Ал 70 келіде Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіповтен бөлек, Фарух Тоқтасынов пен Нұрбек Мурсал да өзара иық тірестіріп тұр. Мұндай ішкі бәсеке ұлттық құраманың деңгейін көтеріп, боксшылардың босаңсуына жол бермейді», — деді бас бапкер журналист Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында.
55 және 70 келіде кімдер бірінші нөмір атануы мүмкін? Сіз не айтасыз?
