Еркін күрестен Қазақстан құрамасына дағыстандық бапкер Маирбек Юсупов қосылуы мүмкін. Бұл туралы Sportbugin.kz сайтының сенімді дереккөзі мәлімдеді.
Сондай-ақ, легионер балуандар мен бапкерлерге ашық қарсылығын көрсетіп жүрген Ақжүрек Таңатаров та желідегі парақшасында Юсуповқа тұтастай үш видео-рилс арнап, шетелдік бапкердің Қазақстан құрамасына орасан зор пайда әкелетінін айтуда. Әсіресе, Таңатаров дағыстандық бапкердің Қайсановқа көмегі көп болатынын ескерткен. Жақында легионер Начын Кууларды қолдаған Таңатаров бұл жолы шетелден бапкер әкелу мәселесін көтергені бізді таң қалдырды. Маирбек Юсупов Қарағанды қаласында дүниеге келген. Алайда, саналы ғұмырын Дағыстанда, Ресей федерациясында өткізіп келеді. Сол елдің азаматы. Ол еркін күрестен Моңғолия, Оңтүстік Корея құрамаларына кеңесші болған.
2017-2021 жылдар аралығында Қазақстан құрамасының кеңесші-бапкері қызметін атқарды. Сол аралықта еркін күрестен ресейлік легионер Артас Сана (Нұрислам Санаев) қана Токио Олимпиадасынан қола медаль алды. Кейіннен Санаев өз еліне кетіп қалды. Ал 2019 жылғы әлем біріншілігінде жүлде алған Нұрқожа Қайпанов пен Дәулет Ниязбековтің бұл жетістіктері өздерінің жеке бапкерлерінің жұмысына тікелей байланысты.
Сондықтан, Юсупов Қазақстада жұмыс істеген бес жылдың ішінде біздің балуандардан әлем немесе Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Кейін ол Қытайдың қыздар құрамасын жаттықтырды. Бес жылда айтарлықтай нәтиже көрсетпеген бапкерді Қазақстанға қайта шақыру қаншалықты қисынды? Юсуповтың аз ақшаға келмейтіні тағы ақиқат. Өкінішке қарай, еліміздегі тәжірибелі бапкерлер де, орта жастағы талантты жаттықтыушылар да ұлттық құрамадан сырт қалып отыр.
Бізге жеткен ақпарат бойынша, ұлттық құраманың қазіргі бас бапкері Данияр Қайсанов Юсуповтың кезінде өнер көрсетті. Өзінің бапкерлік тәжірибесінің аздығын ескерген Қайсанов маңызды жарыстар қарсаңында Маирбек секілді шетелдік маманнан көмек сұратуы мүмкін. Себебі, қазір балуандарға үлкен міндет қойылып отыр. Алда төрт жылда бір келетін Азия ойындары мен өз елімізде өтетін әлем чемпионаты бар. Ал сәуірде Бішкекте өткен Азия чемпионатында отандық еркін күрес шеберлері өте әлсіз нәтиже көрсетті.
Қазақстан күрес федерациясы баспасөз қызметінің пікірінше, Маирбек Юсуповқа қатысты ресми ақпарат пен құжат рәсімдеу шаралары әлі дайындалу үстінде.
Юсупов қазақ күресін ұшпаққа шығара ма? Сіз қалай ойлайсыз?
