Еркін күрестен жастар құрамасының бас бапкері Дәулет Ниязбеков Таиландта өткен Азия чемпионатын қорытындылады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде әрі тартысты өтті. Балаларымыз өздерін жақсы қырынан көрсетті. Бұл — ең алдымен командалық жұмыстың жемісі. Әр спортшының жеке бапкерлерінің де еңбегі орасан. Соның нәтижесінде жалпыкомандалық есепте чемпион атандық. Бұл — отандық күрестегі тарихи жетістік», — деді Ниязбеков.
Сондай-ақ бапкер 74 келіде алтын медаль жеңіп алған Нұрдәулет Сейілбековке жоғары баға берді. Жас балуан батыл мінезімен, психологиялық дайындығымен және сабырлылығымен ерекшеленеді. Нұрдәулеттің болашағынан зор үміт күтетінін айтып, спортшының бапкерлері Еркебұлан Кешубаев пен Рауан ағайдың еңбегін атап өтті.
61 келіде топ жарған Бекасыл Ассамбектің де жоғары деңгейде күрескенін айтты. Бас бапкердің сөзінше, балуанның жетістігіне оның бапкері Пернебек Бекасаров пен әкесі Мықтыбек ағайдың еңбегі зор.
«Шынымды айтсам, командалық есепте чемпион атанғанымызды естігенде өзім де қатты қуандым әрі таңғалдым. Өйткені біз ең басты мақсат ретінде командалық біріншілікті емес, әр балуанның өз деңгейінде белдесуін көздеген едік», — деді
Жастар құрамасы қазірдің өзінде әлем чемпионатына дайындықты бастап кеткен. Алдымен Алматауда физикалық дайындық жиыны өтеді. Кейін команда Алматы облысындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, одан кейін әлем чемпионатына аттанады.
