Соңғы уақытта қазақ боксының танымал өкілдері спорттағы жетістіктерінен бөлек, түрлі даулы оқиғалармен де жиі жаңалықтардың басты тақырыбына айналып жүр.
Жуырда Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің әйеліне күш қолданғаны туралы ақпарат тарады. Жәбірленушінің миы шайқалғаны хабарланғанымен, кейін жұбайы арызын қайтарып алып, отбасын сақтап қалғысы келетінін мәлімдеді. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары істің заң аясында қаралатынын жеткізді.
Ал 2026 жылдың қаңтарында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің есімі қызметтік жанжалға байланысты аталды. Ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасындағы қызметінен орынбасарымен болған келіспеушіліктен кейін өз еркімен кетті.
Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевқа қатысты да қоғамда резонанс тудырған оқиға болған еді. Оған түнгі клубта бойжеткенге қол көтерді деген айып тағылғанымен, кейін тергеу нәтижесінде қылмыс құрамы анықталмай, іс толықтай тоқтатылды.
