Венгрияда күрес түрлерінен өткен Имре Поляк, Янош Варга және Штефан Козьма атындағы рейтингілік турнирі аяқталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Рейтингілік турнирде Қазақстан құрамасы 12 жүлдеге қол жеткізді.
Еркін күресте Асыл Айтақын (61 келі) мен Едіге Қасымбек (125 келі) чемпион атанды. Нұрқожа Қайпанов (74 келі) күміс жүлдеге ие болды. Ал Нұрданат Айтанов (57 келі) пен Мейрамбек Картбай (57 келі), Әділет Әлмұхамедов (61 келі) және Начын Куулар (65 келі) қола жүлде жеңіп алды.
Әйелдер күресінде Жәмила Бақбергенова (72 келі) күміс жүлдегер атанса, Зейнеп Баянова (50 келі) қола жүлдеге ие болды.
Грек-рим күресінде Ернұр Фидахметов (60 келі) күміс жүлде еншілесе, Исхар Құрбаев (55 келі) пен Дінмұхамед Қошқар (67 келі) қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі салмақта грузиялық Андро Маргишвилиді және түркиялық Сүлейман Караденизді жеңіп жартылай финалға шыққан болатын. Алайда жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады.
