Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ел біріншілігіне Қазақстанның 17 өңірінен 265-тен астам спортшы қатысуда. Үш күнге жоспарланған жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сындарда, сондай-ақ 4×100 және 4×400 метр аралас эстафеталарында барлығы 48 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан чемпионатында ұлттық құраманың көшбасшылары Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мухитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс, Вячеслав Земс және басқа да жетекші спортшылар өнер көрсетеді.
Айта кетейік, чемпионат қорытындысы бойынша алдағы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады.
Жарыс Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында өтуде. Ал лақтыру түрлері бойынша бәсекелер Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің арнайы секторында ұйымдастырылады.
