Отандық балуандар алдағы уақытта екі ірі жарысқа қатысады. Бүгінде ұлттық құраманың бір бөлігі Азия ойындарына, бір бөлігі әлем чемпионатына дайындық үстінде, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Грек-рим күресінен команданың бас бапкері Қонысбек Төкеновтің айтуынша, қазір кімнің қандай жарысқа баратыны анықталып жатыр.
«Венгриядағы рейтингілік турнирде Азия ойындарына қатысудан үмітті спортшылардың бақыладық. Ал Германияда өтетін Гран-при додасында әлем чемпионатына баруы мүмкін балуандардың аяқ алысын қадағалаймыз. Еркін күрестен ауысып келген Әлішер Ерғали да Дортмундта бақ сынайды. Кім біледі, жақсы күресіп жатса, әлем чемпионатына да қатысып қалар. Әзірге, бұл салмақтағы көшбасшы — Олжас Сырлыбай. Ол екі рейтингілік турнирде жүлдеге ілігіп, соңғысын бесінші орынмен аяқтады.
77 келіде Азия ойындарына Демеу Жадыраев барады. Ал әлем чемпионатында жас балуандарды сынап көруіміз мүмкін. Оның ішінде, Мерей Мәулітхановқа мүмкіндік беріп көрсек деген ой бар.
87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов өз бағын сынап көрді. Будапештте бірінші айналымда жеңілді. Енді Шамиль Ожаевты көреміз. Ол жарақатына байланысты жарысқа қатыспады, алдағы уақытта Түркиядағы турнирде кілемге шығады.
60 келіде Айдос Сұлтанғалиді әлем чемпионатына қатыстырамыз деп шештім. Өз жерімізде өз чемпионымыз күресуі керек. Мүмкін, екі дүркін әлем чемпионы болып қалар.
Әзірге, әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола аламыз деген мақсат бар», — деді Қонысбек Төкенов.
