Будапештте өткен рейтингілік турнирде финалдық белдесуге шықпаған Ернұр Фидахметовке қатысты қырғыз басылымы болжамын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Шешуші кездесуде Фидахметов Қырғызстанның екі дүркін әлем чемпионы Жоламан Шаршенбековпен белдесуі керек болған. Алайда жарақатына байланысты финалға қатысқан жоқ.
Осы жағдайға қатысты қырғызстандық басылымдардың бірі өз нұсқасын ұсынды.
«Будапештте Қазақстан құрамасының 60 келідегі бірінші нөмірін анықтау мақсатында Ернұр Фидахметов пен Ербол Камалиев бейтарап төрешілер алдында өзара белдескен болуы мүмкін. Бұл кездесуде Фидахметов жеңіске жетіп, Азия ойындарына баратын балуан анықталды.
Сондықтан Фидахметов финалда Шаршенбековпен белдесуден бас тартуы мүмкін. Азия ойындарына екі ай қалғанда басты фаворитпен белдесіп, тактикаң мен мүмкіндіктеріңді көрсетудің қажеті болмаған.
Ал Будапештте өтпей қалған Шаршенбеков — Фидахметов жекпе-жегі Жапонияда өтетін Азия ойындарының финалында өтуі мүмкін», — деп жазады қырғыз басылымы.
Айта кетейік, Фидахметовтің финалға шықпауына жарақаты себеп болғаны хабарланған.
