Дзюдодан ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе Жапонияда өтетін Азия ойындарына спортшыларды іріктеу қалай жүргізілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Жылдың басты додасына қатысатын ұлттық құраманың тізімі жасақталып болды.
«Қазақстан ұлттық құрамасының Азия ойындарына қатысатын құрамы толық анықталды. Оның құрамына өз салмақ дәрежелерінің көшбасшылары, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері, Grand Slam турнирлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Қазақстан чемпионаты мен ішкі іріктеудің жеңімпаздары енді. Команда алдына ең жоғары мақсаттар қойылып отыр. Ерлер мен әйелдер арасындағы негізгі салмақ дәрежелерінде, сондай-ақ Mixed Team командалық жарысында жүлде үшін күресуді көздеп отырмыз. Азия ойындары біз үшін ерекше маңызға ие.
Бұл — Қазақстанның Азиядағы ең мықты құрамалардың бірі екенін дәлелдеуге және Олимпиадаға іріктеу кезеңіндегі маңызды белестердің бірінен сәтті өтуге мүмкіндік береді», — деді Роберт Мшвидобадзе.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар сарапшылар мен БАҚ Елдос Сметовтің ұлттық құрама тізіміне енуіне байланысты команда ішіндегі бәсекелестік деңгейіне қатысты пікір білдірген еді.
