Боксшы Сәкен Бибосынов Азия ойындарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Azamat Sport» арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Бибосыновтың айтуынша, 55 келі салмақта ұлттық құрамадағы бірінші нөмірлі спортшы — Махмұд Сабырхан, ал өзі екінші нөмірлі боксшы. Сондықтан Азия ойындарына жолдама алу мүмкіндігі екеуінде де бар екенін айтты.
«Азия ойындарына қатысты айтатын болсақ, 55 келіде бірінші нөмірлі боксшы — Махмұд Сабырхан, ал мен екінші нөмірлі боксшымын. Азия ойындарына баратын мүмкіндік екеумізде де бар.
Кімнің бағы жанып, бабы келіп тұр, соны таңдаса, бапкерлерге де, федерацияға да ренішім жоқ. Махмұд қатысса, сәттілік тілейміз, көмектесеміз. Ең бастысы, кім қатысса да елге алтын жүлде алып келсе қуанамыз», — деді Сәкен Бибосынов.
Айта кетейік, Азия ойындарына қатысатын әйелдер құрамасы белгілі болды. Ал ерлер құрамасының нақты тізімі әзірге жарияланған жоқ.
